Астанада онкологиялық ауруға шалдыққан балаларды қолдауға арналған қайырымдылық жүгіру өтті | Корпоративный фонд "University Medical Center"

Астанадағы Триатлон паркінде Run for OncoKids 2026 қайырымдылық жүгіруі өтіп, шараға мыңға жуық адам қатысты. Жарыс онкологиялық аурудан ем алып жатқан балаларға, сондай-ақ дертті жеңіп, ремиссия кезеңіндегі балаларға қолдау көрсетуге арналды.

Қатысушылар 5 шақырым, 2,5 шақырым және отбасы мүшелеріне арналған 1000 метрлік қашықтықтардың бірін таңдады. Сөреге дәрігерлер, ата-аналар, балалар, ремиссиядағы науқастар және онкологиялық диагнозбен бетпе-бет келген отбасыларға қолдау білдіруге келген жандар жиналды.

Шараның негізгі мақсаттарының бірі – қоғамның балалар онкологиясына деген көзқарасын өзгерту. UMC мамандарының айтуынша, қазіргі таңда балалардағы бірқатар онкологиялық ауруларды тиімді емдеуге мүмкіндік бар. Сондықтан ауруды ерте анықтап, дер кезінде медициналық көмекке жүгіну және дәрігерлерге сенім арту аса маңызды.

Жарысты ұйымдастырушылардың бірі, дәрігер-онкогематолог Арайлым Әділова Қазақстанда жыл сайын 600-ден астам балаға онкологиялық диагноз қойылатынын атап өтті. Соның ішінде жедел лейкозбен ауыратын балалардың 90 пайызына дейін толық сауығуға мүмкіндік бар.

Жарысқа емін аяқтап, ремиссияға шыққан балалар да қатысты. Дәрігерлер оларды «чемпиондар» деп атайды. Бұл – ауыр кезеңді еңсеріп, емделу жолынан өткен балаларға берілетін ерекше атау. Әрқайсысының артында өзіне ғана тән күрес, отбасының қолдауы және дәрігерлермен бірге өткен ұзақ жол бар.

Көптеген ата-ана үшін бұл жарыс өзгелерге қолдау көрсетумен қатар, өз баласының жеңісін бөлісудің де мүмкіндігі болды. Қатысушылардың арасында емін сәтті аяқтап, қазір тұрақты медициналық бақылауда жүрген сегіз жастағы Санжар Қашықовтың отбасы да болды.

Балалар онкологиясы баланың денсаулығына ғана емес, бүкіл отбасының өміріне әсер етеді. Ұзақ уақытқа созылатын ем, тұрақты тексерулер және баланың жанынан табылу қажеттілігі ата-аналар үшін үлкен сынаққа айналады. Ем аяқталғаннан кейін баланың қоғамға қайта бейімделуі де маңызды. Мектепке оралу, қатарластарымен араласу және күнделікті өмірге қайта қосылу үшін балаларға түсіністік пен қолдау қажет.

Жарыс барысында жиналған қаражат ауруханада ем алып жатқан балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға жұмсалады. Бұл бастама емдеу барысындағы ауыр процедуралар арасында балалардың ойнап, шығармашылықпен айналысып, құрдастарымен араласып, балалық шағын сезінуіне мүмкіндік беретін жағдай жасауға бағытталған.

Медицина мамандары мұндай шаралар арқылы маңызды ойды жеткізуді көздейді: балалар онкологиясы – үмітсіздік емес. Әрбір сауығып шыққан баланың артында ұзақ ем, отбасының табандылығы және медициналық мамандардың қажырлы еңбегі тұр.

Run for OncoKids 2026 қайырымдылық жүгіруі көпшілікті ортақ мақсатқа біріктірді. Ол – балаларға ауруды жеңіп, қалыпты өміріне қайта оралуға мүмкіндік беру және осы жолда олардың жанынан табылу.

Запись на кт/мрт