UMC мамандары ERC халықаралық ALS және EPALS бағдарламалары бойынша сертификаттаудан сәтті өтті | Корпоративный фонд "University Medical Center"

Критикалық жағдайларда уақытылы әрі сапалы медициналық көмек көрсету – пациенттің өмірін сақтап қалуда шешуші рөл атқарады. Сондықтан медицина қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін үздіксіз жетілдіру, практикалық дағдыларын дамыту және халықаралық стандарттарды меңгеруі қазіргі денсаулық сақтау жүйесінің маңызды бағыты болып табылады.

Осы мақсатта 15–18 шілде аралығында UMC КҚ командасы Еуропалық реанимация кеңесінің (ERC) стандарттарына сәйкес ересектерге арналған Кеңейтілген реанимациялық көмек (ALS) және балаларға арналған Кеңейтілген педиатриялық реанимациялық көмек (EPALS) бағдарламалары бойынша оқыту мен сертификаттаудан өтті.

Шеберлік сабағына халықаралық ERC нұсқаушылары мен жергілікті нұсқаушылар қатысты. Төрт күн бойы қатысушылар ересектер мен балалардағы критикалық жағдайларды басқарудың заманауи алгоритмдерін меңгеріп, кеңейтілген реанимациялық көмек көрсету бойынша практикалық дағдыларын жетілдірді.

Оқу қорытындысы бойынша барлық қатысушылар халықаралық сертификаттарға ие болды. Сонымен қатар, UMC КҚ нұсқаушылары ресми нұсқаушылық тағылымдамадан сәтті өтіп, Еуропалық реанимация кеңесінің (ERC) халықаралық нұсқаушысы мәртебесіне ие болды.

Әріптестерімізді осы маңызды кәсіби жетістіктерімен шын жүректен құттықтаймыз! Алған білімдері, тәжірибелері және халықаралық нұсқаушы мәртебесі елімізде жедел медициналық көмектің сапасын арттыруға, халықаралық стандарттарды енгізуге және медицина мамандарын даярлауды одан әрі дамытуға зор үлес қосатынына сенімдіміз.

Запись на кт/мрт