Жүрек-қантамыр аурулары әлемдегі өлім-жітімнің негізгі себептерінің бірі болып қала береді. Бүгінде 64,3 миллионнан астам адам жүрек жеткіліксіздігінен зардап шегеді, олардың 5–10%-ында жүрек трансплантациясын немесе механикалық қанайналымды қолдау құрылғыларын имплантациялауды қажет ететін аурудың терминалдық сатысы дамиды. Қазіргі таңда нарықта қолжетімді сол жақ қарыншаны механикалық қолдау құрылғылары (LVAD) жүрек жеткіліксіздігі бар пациенттердің өмір сүру ұзақтығын айтарлықтай арттырды. Алайда оң жақ қарынша жеткіліксіздігі бар пациенттер әлі де жоғары қауіп тобына жатады.
Медициналық компаниялардың жұмысы мен технологиялардың белсенді дамуының арқасында сол жақ және оң жақ қарынша жеткіліксіздігі бар пациенттердің жағдайын жақсартуға мүмкіндік беретін бивентрикулярлық механикалық қанайналымды қолдау аппараты (Bi-Vad) әзірленді.
2026 жылдың 4 мамырында Астанада, Назарбаев Университетінің жаңа биомедициналық зерттеу орталығында клиникаға дейінгі зерттеу аясында DuoCor2 екі қарыншалық механикалық қан айналымын қолдау құрылғысы ТМД-да алғаш рет жануарға имплантацияланды.
Имплантацияны UMC Heart Team командасы Юрий Владимирович Пяның жетекшілігімен HXCOREMED және Global Medical компанияларының қатысуымен жүзеге асырды. Қазақстан мұндай процедура жүргізілген әлемдегі төртінші мемлекет атанды.
DuoCor2 — ауыр жүрек жеткіліксіздігі бар пациенттерде жүйелік және өкпелік қанайналымды қолдауға арналған Bi-Vad жүйесі. Бұл технология механикалық қанайналымды қолдау жүйелерін дамытудың перспективалы бағыты ретінде қарастырылады. Жүргізілген зерттеу биомедициналық технологияларды дамытудағы маңызды кезең болды.
UMC-тің жетекші халықаралық компаниялармен ынтымақтастығы, сондай-ақ инновациялық технологияларды белсенді енгізуі Қазақстан тұрғындарына емдеудің озық әдістеріне қол жеткізуге мүмкіндік беріп, елдегі ғылыми-зерттеу қызметінің дамуына ықпал етеді.


