Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Бас директоры Тедрос Аданом Гебреисус Регионалдық экологиялық саммит аясында UMC Жүрек орталығына ресми сапармен келді.
Сапар барысында ол орталықтың қызметімен, заманауи инфрақұрылымымен және жоғары технологиялы медициналық көмекті көрсету бағыттарымен танысты. Сонымен қатар клиниканың клиникалық, ғылыми және білім беру қызметінің негізгі бағыттары таныстырылды.
ДДСҰ Бас директоры UMC симуляциялық орталығына да барып, оқу үдерісін бақылап, Азия елдерінен келген дәрігерлермен кездесті. Ол халықаралық тәжірибе алмасудың маңыздылығын ерекше атап өтті.
Сапар аясында донорлық ағзаларды сақтау және тасымалдауға арналған инновациялық ALEM (Astana Life Ex-situ Machine) құрылғысына айрықша назар аударылды.
Мұндай деңгейдегі сапар UMC Жүрек орталығының халықаралық деңгейде мойындалғанын және Қазақстан мен өңірдегі кардиологиялық және кардиохирургиялық көмекті дамытуға қосып отырған үлесін айқын көрсетеді.
Бұл кездесу халықаралық әріптестікті нығайтуға маңызды қадам болып, отандық медицинаның жоғары деңгейін тағы да растады.


