Астанада «Әрбір баланың денсаулығы мен әл-ауқаты: балалар денсаулығын қорғаудың заманауи стратегиялары» атты халықаралық конференция өтті. Іс-шара денсаулық сақтау саласының өкілдерін, халықаралық ұйымдарды және сарапшылар қауымдастығын біріктірді.
Конференция аясында балалар мен жасөспірімдердің денсаулығын нығайтуға бағытталған серіктестікті атап өту рәсімі өтті.
University Medical Center «Балалар мен отбасыларға мамандандырылған көмектің сапасын арттыру және инновацияларды енгізу үшін» марапатына ие болды. Марапатты Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Бас директоры Тедрос Аданом Гебрейесус табыстады.
Бұл жетістіктер UMC-де заманауи медицинаны дамыту, инновациялық тәсілдерді енгізу және балалар мен олардың отбасыларына көрсетілетін көмектің сапасын арттыру бағытындағы жүйелі жұмыстың нәтижесі болып табылады. Клиникалар қызметінде кешенді тәсілге ерекше мән беріледі: диагностика мен емдеуден бастап, науқастарды ұзақ мерзімді бақылауға дейінгі барлық кезең қамтылады.
Сондай-ақ профессор Тамара Құрманғалиқызы Чуваковаға ерекше құрмет көрсетілді. Ол «Қазақстанда неонатологиялық қызметті дамытуға және жаңа туған нәрестелердің денсаулығын қорғауға қосқан айрықша үлесі үшін» марапатталды. Марапатты ДДҰ-ның Еуропа өңірі бойынша директоры Ханс Генри Клюге табыстады.
Тамара Құрманғалиқызы — елімізде неонатология саласының қалыптасуының бастауында тұрған дәрігер. Ол ұзақ жылдар бойы Ана мен бала орталығында еңбек етіп, жаңа туған нәрестелерді күтіп-баптау қызметін дамытуға және мамандар даярлауға зор үлес қосты. Бүгінде ол құрметті еңбек демалысында болғанымен, оның кәсіби жолы мен еңбегі дәрігерлердің тұтас буыны үшін үлгі болып қала береді. Оның еңбегінің арқасында Қазақстанда шала туған сәбилердің өмір сүру көрсеткіші едәуір жақсарып, неонатология медицинадағы жетекші бағыттардың біріне айналды.
Аталған конференция тәжірибе алмасу мен балалар денсаулығын қорғау саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға арналған маңызды алаң болды. Қатысушылар медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға, сондай-ақ әрбір бала үшін қауіпсіз әрі қолдаушы орта қалыптастыруға бағытталған жүйелі шешімдерді дамытуға ортақ ұстанымдарын растады.

