UMC-де балалардағы көмей патологиясын хирургиялық емдеу бойынша мастер-класс өтуде | Корпоративный фонд "University Medical Center"

2026 жылғы 26–29 қаңтар аралығында University Medical Center (UMC) Ана мен бала орталығында «Балалардағы көмей патологиясын хирургиялық емдеу» тақырыбында мастер-класс өтуде. Іс-шара көмейдің III–IV дәрежелі ауыр стеноздары бар, оның ішінде ұзақ уақыт канюлямен жүретін балаларды диагностикалау, хирургиялық емдеу және операциядан кейінгі жүргізудің заманауи тәсілдеріне арналған.

Мастер-класс жетекшілері:

 • Бекпан Алмат Жақсылықұлы — медицина ғылымдарының кандидаты, жоғары санатты дәрігер, оториноларинголог-хирург, «Бас–мойын» бағдарламасының жетекшісі, UMC Ана мен бала орталығы балалар хирургиясы №2 бөлімшесінің меңгерушісі;

 • Ауталипов Дархан Хасанұлы — оториноларинголог-хирург дәрігер.

Шақырылған маман:

 • Пряников Дмитрий Викторович — медицина ғылымдарының кандидаты, Мәскеу қаласындағы РДКБ ЛОР-бөлімшесінің меңгерушісі, оториноларинголог-хирург, балалар хирургі.

Мастер-кластың мақсаты — балалардағы күрделі көмей патологиясын емдеу саласында дәрігер-резиденттер мен оториноларингологтардың кәсіби құзыреттілігін арттыру, сондай-ақ заманауи хирургиялық технологияларды клиникалық тәжірибеге енгізу.

Мастер-класс бағдарламасы аясында:

 • көмейдің ауыр дәрежелі стеноздарын емдеудің заманауи эндоскопиялық және ашық хирургиялық әдістерін көрсету;

 • күрделі патологиясы бар науқастарды кезең-кезеңімен хирургиялық емдеу тактикасын меңгеру;

 • аурудың ұзаққа созылған және асқынған түрлері бар клиникалық жағдайларды талдау;

 • операциядан кейінгі жүргізу, оңалту және динамикалық бақылау алгоритмдерін қалыптастыру;

 • реконструктивті-пластикалық операцияларға көрсеткіштерді, Т-түтіктерді орнату мен ауыстыруды, сондай-ақ деканюляция әдістерін талқылау қарастырылған.

Мастер-кластың практикалық бөлігі құпиялылық, биоэтика қағидаттары және қолданыстағы нормативтік талаптар сақтала отырып, нақты клиникалық жағдайлар негізінде өткізіледі. Іс-шара барысында хирургиялық көмек операциялық емдеуді қажет ететін он алты балаға көрсетіледі. Барлық пациенттер UMC Ана мен бала орталығында тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) шеңберінде стационарлық ем алады.

Мастер-класс кезеңінде күн сайын операциялық күн басталар алдында балалар хирургиясы №2 бөлімшесінде ем қабылдап жатқан пациенттерге таңертеңгілік дәрігерлік қадағаулары жүргізіледі. Қарау барысында операциядан кейінгі ерте кезең бағаланып, емдеу жоспары түзетіледі, кейінгі жүргізу тактикасы талқыланады және балалардың заңды өкілдерінің сұрақтарына жауап беріледі.

Сонымен қатар, білім беруге ерекше көңіл бөлінеді. Әрбір операциядан кейін пациенттің заңды өкілдерінің қатысуымен білім беру сессиялары өткізіледі. Бұл сессиялар клиникалық жағдайды талдауды, операция барысында алынған фото және бейнематериалдарды көрсетуді, операция барысын кезең-кезеңімен түсіндіруді, операциядан кейінгі күтімді және кейінгі емдеу мен бақылау тактикасын талқылауды қамтиды.

Сонымен қатар мастер-классқа UMC-нің бес дәрігері қатысып, біліктілігін арттырады және шақырылған маманмен практикалық тәжірибе алмасады. Мұндай оқыту форматы озық технологияларды меңгеруге және оларды күнделікті клиникалық тәжірибеге енгізуге мүмкіндік береді.

Мастер-класс «Милосердие» Ерікті қоғамы қорының және «Samruk-Kazyna Trust» корпоративтік қорының қаржылық қолдауымен ұйымдастырылған.

UMC өкілдерінің айтуынша, мұндай іс-шаралар балалар медицинасының дамуы үшін стратегиялық маңызға ие. Пациенттерге практикалық көмек көрсету және мамандарды оқытуды ұштастыру медициналық көмектің сапасын тұрақты түрде арттырады. Сонымен қатар, сирек әрі күрделі аурулары бар балалар үшін жоғары технологиялық емге қолжетімділікті кеңейтуге ықпал етеді.

Запись на кт/мрт