2025 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласының Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Альназарова Ақмарал Шәріпбайқызы University Medical Center (UMC) базасындағы балалар онкогематологиясы бөлімшелеріне жұмыс сапарымен барды.
Сапар барысында Ақмарал Шәріпбайқызы ем қабылдап жатқан балалармен, олардың ата-аналарымен және медициналық ұжыммен кездесті. Кездесу кезінде балаларға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыру, емдеу үдерісінде психологиялық қолдау мен отбасының рөлі, сондай-ақ дәрігерлер мен орта медициналық персоналдың кәсіби еңбегінің маңыздылығы атап өтілді.
UMC онкогематология бөлімшелері онкологиялық және гематологиялық аурулары бар балаларға диагностика, емдеу және оңалту бойынша кешенді медициналық көмек көрсетеді. Орталықта заманауи клиникалық хаттамалар, жоғары технологиялық емдеу әдістері және мультидисциплинарлық тәсіл қолданылады.
Қазақстан Республикасында балалар арасындағы онкологиялық аурулардың өзектілігі жоғары болып отыр. Ресми деректерге сәйкес, алғаш рет анықталған балалар онкологиялық ауруларының саны 2023 жылы *614 жағдайды, ал 2024 жылы *638 жағдайды құрады.
Балалардағы қатерлі ісіктердің жалпы сырқаттанушылық көрсеткіші (100 000 балаға шаққанда) соңғы жылдары 8,6–9,4 аралығында сақталуда. Онкологиялық аурулардың құрылымында жиі кездесетін нозологиялар қатарында лейкоздар, орталық жүйке жүйесінің ісіктері, Ходжкин лимфомасы, жұмсақ тіндер саркомалары және нефробластома мен нейробластома бар.
UMC онкогематология бөлімшелерінде балаларға заманауи медициналық көмектің барлық түрлері көрсетіледі. Кешенді емдеу химиотерапияны, сәулелік терапияны, хирургиялық араласуды және көрсетілімдер бойынша дің жасушаларын трансплантациялауды қамтиды. Соңғы жылдары иммунотерапия және таргеттік терапия әдістері белсенді түрде енгізілуде.
Емдеу нәтижелері нозологиялық формаға байланысты өзгереді. Атап айтқанда, *Ходжкин лимфомасы кезінде өмір сүру көрсеткіші — 89,7%, лейкоздарда — **83,1%, нефробластомада — *74,2% деңгейінде.
Аталған сапар балалар денсаулығын қорғау, жоғары технологиялық медицинаны дамыту және пациентке бағдарланған көмекті күшейту бағытындағы мемлекеттік саясаттың басымдықтарын көрсетеді.


